ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ – ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА

Бюджет қаржысын жұмсаудың ашықтығын және тиісті орнына жұмсалуын бақылауда ерекше жауапкершілік облыс әкімдері мен «Нұр Отан» партиясына жүктелді. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше атап өтті. Партия төрағасының тапсырмасын орындау үшін «Нұр Отан» партиясының осы жұмысқа белсене араласуы және қатаң партиялық бақылау орнатуы қажет.

«Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жаңа Ережесі аймақтық және аумақтық филиалдарындағы фракция отырыстарында талқыланып, Саяси кеңес Бюро отырыстарында бекітілді. Бұл құжат фракция мүшелеріне өкілеттік бере отырып, ережеге сәйкес бақылау жұмыстарын күшейтуге толық мүмкіндік ашады.

Жаңа ережеге сәйкес, мәслихат бекіткенге дейін бірқатар мәселелер партия фракцияларының отырыстарында қаралуы міндетті. Өңірлік экономикалық және әлеуметтік даму жоспарлары мен бағдарламалары, жергілікті бюджет және оның жұмсалуы туралы есептер де осында талқыланады. Атқарушы органдар басшыларының есептері қадағаланып, мемлекеттік мекеме, ұйымдардың лауазымды тұлғаларын мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстарды енгізу қаралып жатыр. Бақылау-тексеру комиссияларының бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебі де депутаттық фракция отырыстарында тексеріледі.

Бюджет қаражаты мен Ұлттық қордан бөлінген қаражаттардың тиімді және мақсатты жұмсалуын бақылау бойынша Атырау облыстық және аудандық, қалалық мәслихаттардағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциялары жанынан төрт комиссия құрылды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктелген нақты тапсырмалардың орындалуын бақылау, өзекті мәселелер жөнінде елді ақпараттандыру, құнды ұсыныстарды енгізу  партия мүшелерінің күнделікті жұмыстарының басты бағыты болмақ. 

 

Ерболат Бектеміров,

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық

филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз